Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижан ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановқа Өзбекстанда тұратын қандастарымыздың Қазақстанға оралуындағы қатаң тәртіптерді шешуге байланысты депутаттық сауал жолдады. "Тарих пен тағдыр тауқыметіне орай 5 миллиондай этникалық отандастарымыздың әлемге тарыдай шашырап кеткені баршамызға мәлім. Елбасы Н. Назарбаев көші-қон саясатын ұлттық саясаттың өзекті саласы ретінде қарастыруына сәйкес, қазіргі кезде 1 млн. адамға жуық бауырларымыз тарихи отанына келіп үлгерді",-деді халық қалаулысы.
Дегенмен де соңғы уақытта Өзбекстанда тұратын қандастарымыздың Қазақстанға оралуына қолдан кедергі жасалуда.
"Туыстас мемлекеттің шенеуніктері этникалық отандастарымыздың Өзбекстан азаматтығынан шығу тәртібін бұрынғыдан да қатаңдата түскені мәлім болып отыр",-деді У. Қалижан.
Депутаттың айтуынша, бұдан 7 жыл бұрын дәл осындай қатаң талаптар болған көрінеді. "Ол Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның араласуымен шешіліп, Қазақстан азаматтығын алудың жеңілдетілген тәртібі енгізілген болатын. Қалыптасқан жағдайға орай бұл мәселені дипломатиялық жолмен реттеп, шешуді сұраймын",-деді депутат Е. Қазыхановқа бағыттаған сауалында.
|